KAU
Жаңалықтар мен оқиғалар 14.10.2026

Қазақ-Америка университетінде ядролық индустрияны дамыту мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті

Қазақ-Америка университетінде (KAU) ядролық индустрияны дамыту перспективаларын, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін білікті кадрлар даярлау мәселелерін талқылауға арналған халықаралық конференция өтті. Іс-шараға ғалымдар, жетекші салалық сарапшылар, кәсіби бірлестіктер мен өнеркәсіп саласының өкілдері қатысты.

Конференцияны Қазақ-Америка университеті мен 18 елдің өкілдерін біріктіретін Атом энергетикасы және өнеркәсібі ардагерлерінің халықаралық одағы (АЭӨАХО) бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция жұмысына Қазақ-Америка университетінің президенті Асылбек Исахов бастаған университет басшылығы, АЭӨАХО өкілдері Виталий Лебеденко, Бауыржан Дүйсебаев және Игорь Кулешов, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Конференцияның негізгі тақырыбы ядролық индустрия мен оған сабақтас салалар – энергетика, металлургия, химия өнеркәсібі, геология және ақпараттық технологиялар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту болды. Қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді өнеркәсіптік өндіріске енгізу, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, кәсіби тәжірибе алмасу және экономиканың технологиялық жаңғыруы жағдайында сұранысқа ие мамандар даярлау мәселелерін қарастырды.

Қазақстанда жаңа энергетика саласын және толыққанды ядролық кластерді қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттердің қатарына жатады. Талқылау барысында мұндай бастамаларды іске асыру үшін ғылыми зерттеулерді, заманауи білім беру бағдарламаларын, өнеркәсіптік инфрақұрылымды және халықаралық сарапшылық ынтымақтастықты ұштастыратын кешенді тәсіл қажет екені атап өтілді.

Осы тұрғыда жоғары оқу орындарына ерекше рөл жүктеледі. Университеттер білікті мамандар даярлайтын білім ордалары ғана емес, сонымен қатар инновациялық даму, технологиялар трансфері және жаңа кәсіби құзыреттерді қалыптастыру үдерістерінің белсенді қатысушыларына айналуда.

«Энергетика мен өнеркәсіп саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін заманауи технологиялар мен инфрақұрылым ғана емес, сол технологияларды дамытып, оларды қолдану жауапкершілігін өз мойнына ала алатын білікті мамандар да қажет. Сондықтан бүгінде университеттер, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, халықаралық білім және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ жаңа буын мамандарын даярлауға қолайлы жағдай жасау аса маңызды», – деп атап өтті KAU президенті Асылбек Исахов.

Конференцияның маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақ-Америка университеті мен «Восток» ядролық индустрия ардагерлері одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат ғылыми-білім беру бағытындағы бірлескен қызметті дамыту, салалық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ студенттерге кәсіби білім, практикалық тәжірибе және салалық құзыреттерді меңгерту мақсатында тәжірибе алмасуды көздейді.

Аталған ынтымақтастық академиялық қауымдастық пен ядролық индустрия өкілдерінің өзара байланысын кеңейтуге, тәжірибелі салалық мамандарды білім беру бастамаларына тартуға және жоғары білім беру жүйесі мен экономиканың нақты секторы арасында тұрақты әріптестік орнатуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақ-Америка университетінде өткен халықаралық конференция әріптестік байланыстарды нығайтуға, ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға және университеттің Қазақстандағы технологиялық әрі өнеркәсіптік дамудың өзекті мәселелерін талқылауға қатысу аясын кеңейтуге маңызды үлес қосты.

СҰРАҚТАРЫҢЫЗ
ҚАЛДЫ МА?
ӨТІНІМ ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Біздің кеңесшіміз сізбен жақын арада хабарласып, барлық сұрақтарыңызға жауап береді.