Түркия университетімен меморандумға қол қойылды
Қазақ-Америка университеті Түркиядағы аттас қалада орналасқан Кастамону университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Серіктестік туралы құжатқа KAU президенті Асылбек Исахов және KU ректоры Ахмед Хамди Топал қол қойды. Кездесуге сондай-ақ ректордың халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Мустафа Озтюрк Акчаоглу және «IHSAN» ғылым және мәдениет орталығының басшысы Тимур Нусипханов қатысты.
Сапар аясында түркиялық делегация үшін кампус бойынша экскурсия ұйымдастырылып, университеттің инфрақұрылымы, соның ішінде аудиториялар, лекциялық залдар және басқа да оқу кеңістіктері таныстырылды.
Келіссөздер барысында тараптар өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқылады. Негізгі бағыттардың бірі – академиялық ұтқырлықты дамыту. Екі университеттің студенттері мен оқытушылары Алматы мен Кастамонуда білім алу мүмкіндігіне ие болып, өздерінің білім беру және мәдени тәжірибесін кеңейтеді.
Халықаралық бастамаларға, оның ішінде Erasmus+ бағдарламасына қатысуға ерекше назар аударылды. Бұл студенттерге шетелде грант негізінде білім алуға, заманауи білім мен дағдыларды меңгеруге, кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қос диплом бағдарламаларын ашу, жазғы мектептер өткізу және ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарлануда.
Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі ғылыми қызметті дамыту болады. Университеттер өзекті тақырыптар бойынша бірлескен зерттеу жобаларын іске асырып, екі ел ғалымдарының күш-жігерін біріктіруді көздейді.


