Open University Malaysia делегациясымен кездесу
Қазақ-Америка университетінде KAU басшылығының Open University Malaysia делегациясымен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар серіктестікті дамыту бойынша нақты қадамдарды талқылап, өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындады.
Басты басымдықтардың бірі – қос диплом бағдарламаларын енгізу. Қазіргі уақытта «Бизнес», «Туризм» және «Маркетинг» мамандықтары бойынша оқу жоспарларын сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.
Маңызды бағыттардың қатарында студенттік мобильділікті дамыту да бар. Қазіргі таңда Малайзияда белгілі бір кезеңде білім алуға және академиялық кредиттерді қайта есептеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар әзірленуде. Пилоттық бағыт ретінде «Туризм» білім беру бағдарламасы қарастырылуда.
Сондай-ақ KAU оқытушыларының Малайзияда тағылымдамадан өтуіне ерекше назар аударылды. Бұл тағылымдамалар заманауи онлайн-оқыту әдістерін меңгеруге және цифрлық білім беру материалдарын әзірлеуге бағытталған.
SCOPUS деректер базасында индекстелетін халықаралық рецензияланатын басылымдарда жариялауға бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулерді іске қосу туралы келісімге де қол жеткізілді. Басым бағыттар ретінде тұрақты даму мен цифрлық трансформация айқындалды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоспарланған бастамаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады. Айта кетейік, OUM университетімен ынтымақтастық туралы меморандум ағымдағы жылдың ақпан айында малайзиялық делегацияның KAU-ға сапары аясында қол қойылған болатын.