KAU
Жаңалықтар мен оқиғалар 01.10.2026

KAU студенттері меценат Қанат Көпбаевтың білім гранттарына ие болды

Қазақ-Америка университетінде (KAU) студенттерге білім гранттарын табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Халықаралық білім беру корпорациясының (IEC) құрылтайшысы әрі Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов, Kusto Group компаниясының басқарушы директоры және Директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаев, KAU президенті Асылбек Исахов, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шараны ашқан Айғазы Құсайынов KAU ұжымын Жоғары білім қызметкерлері күнімен құттықтап, ең тиімді инвестиция – білім мен ғылымға салынған инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, адами капиталды дамыту қоғам мен мемлекеттің болашағын айқындап, жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сондай-ақ Айғазы Құсайынов қатысушыларды белгілі кәсіпкер әрі меценат Қанат Көпбаевпен таныстырып, оның қоғамдық және қайырымдылық қызметіне тоқталды. Қанат Көпбаев – High Tech Academy мектебінің негізін қалаушылардың бірі, IQanat білім беру жобасының қатысушысы және KazGASA Қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

Салтанатты рәсім барысында меценат студенттерге бес білім грантының сертификатын жеке өзі табыстады. Әр грант KAU-дың бакалавриат бағдарламасы бойынша бүкіл оқу кезеңінің ақысын толық өтейді. Грант иегерлерінің қатарында «Журналистика», «Халықаралық бизнес және кәсіпкерлік», «Туризм» және басқа да білім беру бағдарламаларының студенттері бар.

Қанат Көпбаев студенттермен өзінің кәсіби жолы туралы әңгімелесіп, білім алудың маңызы, мансаптық даму және алға қойған мақсаттарға жетудегі жеке жауапкершілік жөнінде ой бөлісті. Кездесу барысында студенттер кәсіпкерлік, көшбасшылық, мансап құру және өмірлік жолды таңдау туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Рәсімнің маңызды сәттерінің бірі Қанат Көпбаевқа KAU-дың Құрметті профессоры атағының берілуі болды. Университет президенті Асылбек Исахов IEC басшылығына университетке көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдіріп, меценаттың білім беру бастамаларын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Құрметті профессор дипломы мен академиялық мантияны Қанат Көпбаевқа Айғазы Құсайынов табыстады.

Бизнес қауымдастығымен серіктестікті дамыту, дарынды жастарды қолдау және студенттердің кәсіби қалыптасуына қолайлы жағдай жасау KAU қызметінің маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді. Білім гранттарын табыстау рәсімі жастардың әлеуетін арттыруға, жоғары білікті мамандар мен болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған осындай ынтымақтастықтың нақты көрінісі болды.

СҰРАҚТАРЫҢЫЗ
ҚАЛДЫ МА?
ӨТІНІМ ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Біздің кеңесшіміз сізбен жақын арада хабарласып, барлық сұрақтарыңызға жауап береді.