KAU-да Influencer Academy Kazakhstan тренингі өтті
Қазақ-Американ Университетінде Influencer Academy Kazakhstan: Freedom 250 тренингі өтті. Іс-шара АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай ұйымдастырылды. Тренингке Алматы қаласының жас блогерлері мен цифрлық контент авторлары қатысты.
Іс-шараны Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы мен Spirit of America ұйымының қолдауымен National Alumni Network ұйымдастырды. Құрметті қонақтар ретінде университетке АҚШ Мемлекеттік департаментінің дипломатиялық қызметкері Эрика Кюнне және National Alumni Network жетекшісі Мирамбек Камалов келді. Сонымен қатар тренингке NAN өкілдері Ляззат Рахимова мен Анель Алис қатысты.
Бағдарлама алты сағаттан астам уақытқа созылды. Қатысушылар дәрістерді тыңдап қана қоймай, заманауи контенттің қалай жасалатынын жан-жақты талдады. Негізгі үш бөлімді медиатренер әрі цифрлық контент жасау саласының маманы Жомарт Аралбайұлы жүргізді. Бағдарлама сторителлинг өнерін, түсіру мен монтаждаудың қыр-сырларын, сондай-ақ әрбір бейнероликтің таралуына әсер ететін алгоритмдердің жұмыс логикасын қамтыды.
Бағдарламада жауапкершілік тақырыбына да ерекше мән берілді. Ұйымдастырушылар этика мәселелерін практикалық дағдылармен қатар сабақтардың мазмұнына енгізді. Күннің қорытынды кезеңі воркшоп болды. Оның барысында қатысушылар жаңа білімдерін бірден іс жүзінде қолданды. Іс-шара еркін форматта, естелік суретке түсу және кофе үстіндегі пікір алмасумен аяқталды.
Университет үшін бұл жобаға қатысу ауқымды миссияның бір бөлігі болып табылады. Ол жастардың медиасауаттылығын дамытуға және Алматыдағы студенттер мен жас мамандардың кәсіби өсуіне бағытталған бастамаларды қолдауға негізделген.