KAU Қытаймен академиялық ынтымақтастықты кеңейтуде: делегацияның Sanya университетіне сапары
Қазақ-Америка университетінің (KAU) президенті, профессор Асылбек Исахов бастаған делегация Қытайдағы Sanya университетіне (University of Sanya) барды.
Қытайлық университет өкілдерімен өткен кездесуде тараптар екіжақты академиялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Бизнес, қаржылық технологиялар (FinTech) және туризм бағыттарына, сондай-ақ бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі университет арасындағы серіктестік қатынастарды одан әрі дамытуға негіз болатын Өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қоюға дайындық жүргізу жөнінде келісімге келді.
Sanya университеті (University of Sanya) – 2005 жылы Қытайдың Хайнань аралындағы Санья қаласында құрылған жекеменшік жоғары оқу орны. Университет Қытайдың жетекші жекеменшік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. 2018 жылы Chinese Alumni Association (CUAA) ұйымының ұлттық рейтингі бойынша көпсалалы жекеменшік университеттер арасында екінші орынға ие болды.
Бүгінде Sanya университеті экономика, басқару, ақпараттық технологиялар және басқа да салалар бойынша білім беру мен ғылыми-зерттеу бағыттарын дамытып келеді. Университет халықаралық ынтымақтастыққа, тәжірибеге бағытталған оқытуға және индустриямен өзара байланыс орнатуға ерекше мән береді. Оның Қытайдың ірі туристік орталықтарының бірі – Санья қаласында орналасуы туризм, бизнес және халықаралық коммуникациялар салаларындағы білім беру бағдарламаларын дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.