Германияның Бас консулымен кездесу
Германияның Бас консулымен кездесу
Қазақ-Американдық университетінің (ҚАУ) өкілдері вице-президент Даурен Дюсебаевтың жетекшілігімен Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маттиас Кислер мырзамен кездесті.
Кездесу барысында Бас консул Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті дамыту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Даурен Дюсебаев ҚАУ-дың халықаралық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі — Германия университеттерімен ынтымақтастықты дамыту екенін айтты. Сонымен қатар ол Маттиас Кислерді университетке келіп, студенттерге дәріс оқуға шақырды. Тараптар мұндай кездесу ағымдағы жылдың ақпан айында өтеді деп келісті.
Кездесу барысында ҚАУ мен Германия жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Сондай-ақ неміс тілін оқыту, студенттердің Германия Бас консулдығының мәдени-гуманитарлық бастамаларына волонтер ретінде қатысуы және Қазақстандағы неміс компанияларында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу соңында Бас консул ҚАУ өкілдеріне алғысын білдіріп, қонақтарды 2026 Жаңа жылымен құттықтап, университет қызметіне табыс тіледі.