Аудармашы және журналист мамандықтарына AI әсері туралы лекция
Қазақ-Америка университетінің студенттері үшін KazConference Group компаниясының негізін қалаушы әрі CEO-сы Олжас Ғалымжанның қонақ дәрісі өтті. Дәріс жасанды интеллекттің әсерімен кәсіби ортаның трансформациясына арналды.
Олжас – Миннесота университетінің «Экономика» мамандығы бойынша түлегі және «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. 2018 жылдан бері ол конференциялық қызметтер мен синхронды аударма саласында өз компаниясын дамытып келеді, ал қазіргі уақытта бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған интеллектуалды шешімдер экожүйесін енгізуде.
Дәріс барысында спикер өзінің кәсіби тәжірибесімен, ауызша аударма кабинасындағы жұмыстан бастап, бизнестің негізгі бағыттарын қамтитын 11 AI-агенттен тұратын экожүйені әзірлеуге дейінгі жолды баяндады. Сондай-ақ аудармашы және журналист мамандықтарының қалай өзгеріп жатқанына, жұмыс үдерістерінің трансформациясына және мамандарға қойылатын талаптардың жаңаруына ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға аударма мен медиа саласында заманауи технологияларды қолданудың практикалық кейстері ұсынылып, өзгермелі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті негізгі дағдылар айқындалды.
Дәріс студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, коммуникациялар индустриясындағы өзекті үрдістерді талқылауға маңызды алаңға айналды.