Ұлы ойшылдар мұрасы: ҚАУ студенттері профессор Досай Кенжетаймен пікір алмасты
Әл-Фарабидің ізгі қоғам туралы идеялары бүгінгі әлемде қаншалықты өзекті? Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы мен Ясауидің рухани ілімі қазіргі адамға қандай бағдар бере алады? Осы және өзге де маңызды сұрақтар Қазақ-Америка университетінде өткен ғылыми-танымдық кездесудің өзегіне айналды.
«Сыни ойлау» пәні аясында ҚАУ студенттері көрнекті ғалым, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Тұрсынбайұлымен онлайн форматта кездесті.
Сұхбат барысында Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала» тұжырымдамасы, Абайдың «Толық адам» идеясы және Қожа Ахмет Ясауидің сопылық дүниетанымы талқыланды. Студенттер ұлы ойшылдардың адамгершілік, ізгілік пен рухани кемелдену туралы көзқарастарының қазіргі қоғамдағы мәнін саралады.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер ғалымға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Әсіресе, әл-Фарабидің ізгі қоғам моделін бүгінгі демократиялық мемлекет жағдайында жүзеге асыру мүмкіндігі мен Абай философиясындағы кемел адам идеясының заманауи мәні төңірегінде мазмұнды пікірталас өрбіді.
Ғалымның пайымдары студенттерге философиялық мұраны жаңа қырынан танып, күрделі қоғамдық мәселелерге тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Кездесу сыни ойлауды дамытып қана қоймай, ұлттық рухани мұра мен бүгінгі заман құндылықтарының байланысын түсінуге жол ашты.
ҚАУ қауымдастырылған профессоры, PhD Анар Садуақасқызы Танабаева профессорға мазмұнды әңгімесі мен құнды ойлары үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, осындай кездесулер студенттердің зияткерлік әлеуетін арттырып, ғылымға қызығушылығын оятуға және ұлттық философиялық мұраны терең зерделеуге ықпал етеді.”