Азия зерттеулері институты директорының сапары
Қазақ-Америка университетінде белгілі тарихшы, саясаттанушы, Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Акимбековтің қонақ дәрісі өтті. Іс-шара «Астана» дипломатиялық клубының қолдауымен ұйымдастырылып, «Турбуленттілік кезеңіндегі Таяу Шығыс» тақырыбына арналды.
Сапар аясында Қазақ-Америка университетінің президенті Асылбек Исахов қонақпен кездесті. Тараптар академиялық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ студенттердің терең аналитикалық ойлау қабілетін қалыптастыру мақсатында елдің жетекші интеллектуалдарын оқу үдерісіне тартудың маңызын талқылады.
Дәріс барысында спикер Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға жан-жақты талдау жасап, тарихи үдерістердің қазіргі қақтығыстарға қалай әсер ететінін түсіндірді. Дала тарихы мен Орталық Азияға арналған көптеген еңбектердің авторы өңірдің жаһандық тұрақсыздық жағдайында бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлері жөніндегі сараптамалық көзқарасымен де бөлісті.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер халықаралық саясат, аналитикалық қызмет және күрделі тарихи-саяси үрдістерді түсіну үшін қажетті дағдылар туралы сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
