KAU AITK Fest 2026-да: баршаға қолжетімді технология
Алматыда жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және технологиялық кәсіпкерлікке арналған AITK Fest 2026 жастар фестивалі өтті. Іс-шара аясында мектеп оқушылары арасында хакатон, Startup Battle және IT-индустрия өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Байқау бағдарламасының қорытындысы бойынша 50 жеңімпаз анықталды.
Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі Алматы қаласындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы №2 тәрбиеленушілерінің қатысуы болды. Қазақ-Америка Университетінің президенті Асылбек Исахов пен AG Vision KZ негізін қалаушы Аружан Нусипова балалармен жеке кездесіп, әңгімелесті. Кездесу барысында білім алу, мамандық таңдау және KAU-да грант иелену мүмкіндіктері талқыланды.
Асылбек Исахов тәрбиеленушілердің білімге деген ұмтылысын қолдауға дайын екенін білдірді. Аружан Нусипова балаларға AI Talents Kazakhstan платформасында жасанды интеллектіні қолдана отырып бағдарламалауды тегін оқыту бастамасын ұсынды.
Мұндай кездесулер технологиялық алаңдардың тең мүмкіндіктер кеңістігіне айнала алатынын көрсетеді. Мұнда әрбір оқушы өмірлік жағдайына қарамастан өз жолын тауып, болашағына жаңа мүмкіндік аша алады.
