ҚАУ президенті БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісімен кездесті
Қазақ-Америка университетінің (ҚАУ) президенті Асылбек Исахов Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті. Кездесу Алматы қаласындағы БҰҰ орталығында өтті.
Кездесу барысында тараптар білім беру, ғылым және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Студенттерді жастардың әлеуетін дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған БҰҰ-ның халықаралық бастамалары мен жобаларына тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
ҚАУ президенті Асылбек Исахов халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатудың студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтудегі, кәсіби құзыреттерін дамытудағы және жаһандық ойлау қабілетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Кездесуден кейін Саранго Раднарагча Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орнының студенттеріне дәріс оқыды. Іс-шараға ҚАУ Студенттік дипломатиялық клубының өкілдері де қатысты.
Дәріс барысында БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Ұйымның қызметі мен жаһандық мәселелерді шешудегі рөлі туралы айтып, өзінің кәсіби тәжірибесі және еңбек жолымен бөлісті. Студенттер халықаралық ұйымдағы жұмыстың ерекшеліктерімен және халықаралық қатынастар саласындағы кәсіби даму мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты.
Бұл кездесу ҚАУ мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы диалогты дамытудағы маңызды қадам болып, білім беру және ғылым салаларындағы алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын айқындады.





