KAU Қытайдағы Zhongyuan University of Technology университетімен ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақ-Америка университетінің (KAU) президенті, профессор Асылбек Исахов бастаған делегация Қытайдағы Zhongyuan University of Technology (ZUT) университетіне барды.
Сапар аясында екі университет арасында академиялық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойылды. Кездесу барысында тараптар бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру мен академиялық байланыстарды кеңейтуді қоса алғанда, серіктестікті дамытудың алдағы мүмкіндіктерін талқылады.
Zhongyuan University of Technology (ZUT) – 1955 жылы құрылған, Қытайдың Чжэнчжоу қаласында орналасқан мемлекеттік университет. Өзінің даму тарихында жоғары оқу орны тоқыма өнеркәсібіне маманданған білім беру мекемесінен инженерлік-техникалық бағыттағы көпсалалы университетке айналды.
Бүгінде ZUT электроника, ақпараттық технологиялар, машина жасау, автоматтандыру, тоқыма өнеркәсібі және дизайн салаларындағы білім беру мен ғылыми-зерттеу бағыттарын дамытып келеді. Университетте 22 мыңнан астам студент білім алады. Жоғары оқу орны халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи өнеркәсіптің қажеттіліктеріне бағытталған ғылыми зерттеулерге ерекше көңіл бөледі. Әр жылдары университеттің шетелдік академиялық серіктестерінің қатарында Ұлыбританияның Манчестер университеті де болған.
Меморандумға қол қою KAU мен ZUT арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, академиялық тәжірибе алмасуға және білім мен ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

