KAU-да атом өнеркәсібі мен сабақтас салаларды дамытуға арналған халықаралық конференция өтеді
2026 жылғы 14 қазанда Қазақ-Америка университетінде (KAU) Қазақстан мен шетелдердің жетекші сала сарапшыларын, ғалымдарын және өнеркәсіптік ұйымдардың өкілдерін біріктіретін халықаралық конференция өтеді.
Конференция Атом энергетикасы мен өнеркәсібі ардагерлерінің халықаралық одағының (МСВАЭП) қатысуымен ұйымдастырылып, атом өнеркәсібі мен оған сабақтас салалар – металлургия, химия, геология, энергетика және ақпараттық технологиялар арасында білім, тәжірибе және технологиялар алмасу мәселелеріне арналады. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия, Беларусь және басқа да елдердің өкілдері қатысады.
Конференцияның негізгі тақырыптары – уран мен сирек металдарды өндіру және өңдеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, өнеркәсіпте жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, атом энергетикасын дамыту, сондай-ақ жоғары технологиялық салалар үшін білікті мамандар даярлау. Салалық білім мен тәжірибені сақтап, оны жас мамандарға жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылады.
Қазақ-Америка университеті конференцияның серіктесі әрі қабылдаушы алаңы болады. Іс-шараға қатысу KAU оқытушылары мен студенттеріне өнеркәсіп саласындағы заманауи әзірлемелермен танысуға, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Конференцияның ашылуында Қазақ-Америка университетінің президенті Асылбек Исахов құттықтау сөз сөйлейді.
Өтетін күні: 2026 жылғы 14 қазан
Басталуы: 10:00
Өтетін орны: Қазақ-Америка университеті, Алматы қаласы, Рысқұлбеков көшесі, 28.
Конференция офлайн форматта өткізіліп, онлайн қатысу мүмкіндігі де қарастырылған.