Қазақстан құрамасы Шанхайдағы Халықаралық математика олимпиадасында алты жүлдеге ие болды
Қазақстанның ұлттық құрамасы Шанхайда өткен 2026 жылғы Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) ел қоржынына алты жүлде салды. Қазақ-Америка Университетінің (KAU) президенті Асылбек Исахов жетекшілік еткен дарынды оқушылар әлемдік додада үш күміс және үш қола медаль иеленді.
Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында ұйымдастырылған беделді зияткерлік сайысқа әлемнің 117 елінен үздік командалар қатысты. Отандық өрендер білім мен біліктілік сынға түскен алаңда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті.
Ұлттық команда сапында Батырхан Бейганов, Тимур Мұрат және Әли Еркебұланұлы күміс жүлдеге ие болды. Ал Ерасыл Алтынбек, Әмірлан Аманжолов және Марғұлан Шарел қола жүлдегер атанды.
Делегацияға KAU президенті Асылбек Исахов басшылық етті. Ол 2022 жылдан бері еліміздің IMO және Балқан математика олимпиадасы (BMO) секілді ірі халықаралық білім додаларына қатысуына жетекшілік жасап келеді. Осы жылдар ішінде отандық жас дарындар әлемдік деңгейде тұрақты нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатып жүр.
2025 жылы Австралияда өткен IMO-да қазақстандық команда да алты марапатқа қол жеткізген болатын. Ал 2026 жылғы Балқан математика олимпиадасында ел өкілдері алтын медаль алып, 24 мемлекеттің арасынан үздік алты ұжымның қатарына енді.
«Мұндай әрбір жеңіс – жай ғана медаль емес. Оның артында жылдар бойғы табанды еңбек, мүмкін еместей көрінетін есептерді шешуге жұмсалған сансыз сағат және сол еңбектің ақталған сәті тұр. Алты оқушының әрқайсысын мақтан тұтамын. Олар әлемнің ең мықты жас математиктерімен сынға түсіп, аса күрделі есептерді жоғары деңгейде шеше алатынын дәлелдеді», – дейді Асылбек Исахов.
Дарынды мектеп оқушыларын қолдау – Қазақ-Америка Университеті қызметінің басым бағыттарының бірі. Жоғары оқу орны жыл сайын халықаралық пәндік сайыстардың жүлдегерлеріне толық оқу кезеңіне арналған білім гранттарын ұсынады. Биыл IMO 2026 додасында үздік нәтиже көрсеткен алты өреннің барлығы осындай мүмкіндікке ие болды. KAU өкілдерінің айтуынша, талантты жастарға көрсетілетін мұндай қолдау олардың білім жолындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, елдің болашақ зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға берік негіз қалайды.
